Талдықорғанда үлкен көкпар додасы басталады
Дода 1–9 мамыр аралығында Талдықорған қаласындағы Орталық атшабарда өтеді.
Мамыр айының алғашқы күндері Жетісу жерінде ел көкпарының ең мықты командалары бас қосады. Талдықорған қаласының Орталық атшабарында көкпардан ересектер арасындағы XXV Қазақстан чемпионаты өтіп, еліміздің әр өңірінен келген 20-ға жуық команда чемпиондық атақты сарапқа салады, деп хабарлайды janalyq.kz сайты.
Биылғы додаға артылар міндет те салмақты. Ел біріншілігі Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына баратын Қазақстан құрамасын іріктеудегі маңызды сындардың бірі саналады.
Сондықтан тоғыз күндік чемпионатта командалардың нәтижесімен қатар, әр көкпаршының жеке шеберлігі де жіті бағаланады. Алаңдағы тартыста шабандоздардың күш-қайраты мен ептілігі, командалық үйлесім және көкпар аттарының әлеуеті сынға түседі.
Бұл додада бүгінгі чемпион ғана анықталмайды. Ертең халықаралық аренада ел намысын қорғайтын көкпаршылардың да есімі белгілі болмақ.
Жетісу төріндегі дүбірлі додада кімнің мерейі үстем болады? Қай команда Қазақстанның ең мықты көкпар ұжымы екенін дәлелдейді?
Бас демеуші: «Самұрық-Қазына» қоры
Бас серіктес: Спортты қолдау қоры



