
Қызылорда облысында 5 қазан мен 5 қараша аралығында пәтер ұрлығы мен тұрмыстық қылмыстардың алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Шараға 629 қызметкер тартылып, 2 446 тұрғын үй мен нысан тексерілді. Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған 2 119 азаматтың тұрғылықты мекенжайы қаралды.
Тексеру барысында көші-қон заңнамасын бұзған 240 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13 тұлғаны елден мәжбүрлеп шығару бойынша сотқа құжаттар жолданды. Қару сақтау ережесін бұзған 19 дерек анықталып, заңсыз айналымнан 4 атыс қаруы тәркіленді.
Сондай-ақ есірткі насихаттайтын 38 граффити жазуы өшіріліп, түнде көшеде заңсыз жүрген 170-ке жуық жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілді. Тұрғындарға арналған 158 кездесу өткізіліп, 1 200-ден астам жадынама таратылды. Іс-шара 5 қарашаға дейін жалғасады.



