Қызылордада «Пиротехника» жедел шарасы басталды
Өңірде пиротехникалық өнімдердің сатылуы тексерілуде

Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен талапқа сай келмейтін өнімдерді пайдалану салдарынан жарақат алу қаупі артады. Осыған байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қауіпсіздік талаптары мен құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары түсіндірілді.
Қызылорда облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеевтің айтуынша, 2026 жылғы 10 қарашадан 2027 жылғы 3 қаңтарға дейін республика көлемінде «Пиротехника» жедел-профилактикалық шарасы өтуде.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, базарлар мен сауда орталықтарында 18 рейд жүргізген. Сонымен қатар мектеп инспекторлары білім беру ұйымдарында оқушыларға түсіндіру жұмыстарын өткізуде.
Брифингте пиротехниканы заңсыз сату мен қоғамдық орында пайдалану үшін жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді. Атап айтқанда, көшеде немесе аулада отшашу атып, тыныштықты бұзғандарға 20 АЕК (78 640 теңге), ал рұқсатсыз жерде пиротехника сатқандарға 25 АЕК (98 300 теңге) айыппұл салынады. Соңғы жағдайда тауар тәркіленеді. Егер құқықбұзушылықты кәмелетке толмағандар жасаса, жауапкершілік ата-аналарына жүктеледі.



