Новости

Қызылордада папайя, апельсин және лимон өсіріліп жатыр

Сыр өңірінде жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып кетті деу қиын. Климаттың шұғыл құбылуы, жаздың аптап ыстығы мен қыстың суығы, желдің жиілігі жылыжай кәсібіне оңайлықпен жол бермейді. Соған қарамастан бұл саланы табыс көзі ғана емес, өмірлік ісі деп қабылдаған жандар бар. Солардың бірі Қызылордадағы жылыжай кәсіпкері, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Ақерке Тәжекеева Ақерке Тәжекеева жылыжай шаруашылығымен 27 жылдан бері айналысып келеді. Алғашқыда көпшілік секілді қияр мен қызанақ өсіруден бастаған. Бүгінде оның жылыжайында тропикалық әрі субтропикалық жемістер жайқалып тұр. Апельсин, лимон, папайя, банан және бөлме гүлдері өсіріліп, жуырда киви ағашы да отырғызылған.

– Әр өсімдіктің өз күтімі, өз талабы бар. Жылыжайға тек еңбек емес, білім де қажет, – дейді ол.

Ақерке апайдың айтуынша, жылыжайдың сапасы өнімнің тағдырына тікелей әсер етеді. Сондықтан оның жұбайы арнайы берік жылыжай тұрғызып берген. Құрылым Қызылорданың қатты желіне төтеп беретіндей етіп жасалған.
Маманның негізгі мамандығы да ауыл шаруашылығымен байланысты болғандықтан, тәжірибе мен ғылыми білімді ұштастырып келеді. Ол өсімдіктерді өсірумен ғана шектелмей, олардың емдік қасиеттерін де зерттеуге қызығады.

– Лимонның жапырағын қайнатып ішкенде бас ауруы басылғанын өзіміз байқадық. Өсімдіктердің табиғи қасиеті өте мол, – дейді ол.

Алдағы уақытта Ақерке Тәжекееваның үлкен арманы – жылыжайда өсірілген жемістер мен өсімдіктерден табиғи шай өнімдерін шығару. Оның пікірінше, жергілікті жағдайда өсірілген экологиялық таза өнімнен дайындалған шайдың сұранысы жоғары болуы мүмкін.
Жылыжай кәсібіне қызығушылық танытатын азаматтарға да қолдау көрсетіп келеді. Кеңес беріп, жылыжай салудың қыр-сырын үйретуге әрдайым дайын екенін айтады.
Біздің қатал табиғатымызға қарамастан, тропикалық жемістерді жерсіндіріп, ғылыми ізденісті кәсіппен ұштастырған жерлесіміздің еңбегі табандылықтың айқын көрінісі. Оның тәжірибесі жылыжай шаруашылығының Қызылордада да табысты дамуына мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

Back to top button