
Бүгін Қытай астанасы Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығында Республика күніне орай Сыр өнерпаздарының «Сұлу Сырдан сазды сәлем» атты мерекелік концерті өтті.
Облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған кешке Бейжің тұрғындары, мәдениет пен өнер өкілдері және дипломатиялық корпус мүшелері қатысты.
Концертте облыстық филармонияның фольклорлық ансамблі, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов, әншілер мен Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртістері өнер көрсетті. Сондай-ақ «Томирис» би ансамблі ұлттық билерді ұсынды.
Мерекелік бағдарламада қазақтың дәстүрлі ән-күйі мен ұлттық өнері дәріптелді. Шара Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланысты нығайтып, Сыр өңірінің өнерін халықаралық деңгейде танытуға бағытталды.




