Қызылордада қаланы дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылады
Қала бюджеті 230 млрд теңгеге жетті

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 57-ші сессиясы өтті. Жиында қала әкімі Нұржан Ахатов биылғы жылдың сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді.

Қала бюджеті жыл басындағы 94 млрд 200 млн теңгеден 230 млрд теңгеге жетті. Қаражат құрылыс, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамсыздандыру және елді мекендерді дамытуға бағытталуда.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 244 млрд 385 млн теңгені, құрылыс жұмыстары 113 млрд 570 млн теңгені құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 364 601 шаршы метрге жетті.
Алдағы уақытта қала орталығындағы ұзындығы 3,8 шақырым болатын төрт көшені жаңарту жоспарлануда. Жоба аясында жаяу жүргіншілер аймағын кеңейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жобаның құны – 5,4 млрд теңге.
Сонымен қатар «Эдельвейс» саяжайында көпфункционалды спорт және демалыс орталығын, Әл-Фараби шағын ауданында инновациялық-шығармашылық орталығын салу жоспарланған.
Тасбөгет кентінде 400 орындық жаңа емхана салу үшін 1,5 гектар жер телімі белгіленді. Қазір жер құжаттары рәсімделуде.
Сессияда депутаттар қаладағы өзге де жобалармен танысып, сауалдарына жауап алды.



