Волонтерлер апталығы Қамыстыбас ауылында жалғасты
Аралда жастар экологиялық бастамалар төңірегінде бас қосты

«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» халықаралық волонтерлер апталығы Қызылорда қаласынан кейін Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округінде жалғасты.
Көгілдір көлдің жағасында өткен кездесудің мақсаты – волонтерлер қозғалысын дамыту, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғаудағы ортақ жауапкершілікті нығайту.
Шара барысында жастар қазақ халқының ұлттық дәстүрлері, тағамдары, тарихи жәдігерлері мен мәдени мұрасымен танысты. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов халықаралық апталықтың маңызын атап өтіп, жастарды табиғатты қорғау мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу концерттік бағдарламамен жалғасты. Оған Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген қатысушылар қатысты.




