KZO life

Тастай қатты, балдай тәтті

Кірпіш зауытынан басталған «Қазалы» брендінің тарихы

Бүгінде аты аңызға айналған Сыр бойының «Қазалы» кәмпитін жемеген адам кемде-кем шығар. Иә, Қызылорда десе, көпшіліктің есіне бірден «Қазалы» кәмпиті еске түседі. Алыстан ат терлетіп келген қонаққа да, жырақта жүрген жақындарымызға да апаратын базарлығымыз осы тәтті. Себебі көпшілік Сыр елінің брендіне айналған «Қазалы» кәмпитін асыға күтеді. Сырт көзге тастай қатты, лақсырса бас жаратындай көрінгенімен, ауызға салғанда тез еритін ерекше қасиеті бар. Бәлкім, осы ерекшелігі оны Сыр бойының танымал брендіне айналдырған болар. Ал бұл кәмпиттің тарихы қайдан басталады? Зер салып көрейік!

«Кірпіш зауытының» кәмпиті қалай пайда болды?
Бұл өндірістің бастауы өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастау алады. 1965 жылы Кзыл-Ординская облысының Қазалы қаласындағы ірі кірпіш зауытының жанынан халық тұтынатын тауарлар шығаратын қосалқы цех ашылады. Зауыттың бос тұрған ғимараттары мен жұмыс күшін тиімді пайдалану мақсатында құрылған бұл цехта төсек-орын, лимонадпен қатар карамель дайындау қолға алынды. Ал кәмпиттің ерекше рецептурасы Өзбекстандағы қолөнерші кондитерлерден алынған еді. Зауыт жұмысшыларының бірі туыстарына барған сапарында сары алтындай шәрбәт қайнатып, леденец жасайтын шеберлердің тәсілін қағазға түсіріп әкеледі екен. Шәрбәт үлкен ыдыстарда қайнатылып, мрамор тақтаға құйылып, қайшымен қолдан кесілетін бұл ауыр еңбекті орындау үшін үш ауысымда ондаған адам еңбек етіпті. Кәмпиттің орауышына «Қазалы кірпіш зауыты» деген жазу басылғандықтан, тұтынушылар оны бірден «кірпіш зауытының кәмпиті» деп атап кетіпті. Ерекше жалбыз дәмі мен бағасының қолжетімділігінің арқасында кәмпит тез арада өңірге танылып, теміржол вокзалы мен пойыздардағы ең өтімді тауарға айналады.

Тоқырау жылдары және брендтің қайта жандануы

Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиындықтар салдарынан кірпіш зауыты банкротқа ұшырап, кондитерлік цех та өз жұмысын тоқтатады. Кондитерлер жан-жаққа тарап, бренд біршама уақыт ұмыт қалғандай болады. Дегенмен, кейбір жергілікті тұрғындар ғана оны үй жағдайында шағын мөлшерде әзірлеп, пойыздарда сатумен айналысады.  Аты аңызға айналған өнімге екінші рет жан бітіру идеясы 2012 жылы жүзеге асады. Жергілікті кәсіпкер Фатима Қазбергенова мен оның ұлы Нұрбек Қазбергенов бұрынғы зауыт мамандарын аралап, ескі рецептті толығымен қағазға түсіріп, қалпына келтіреді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алып, Ресей мен Қытайдан заманауи автоматтандырылған жабдықтар алдырады. Бұл қадам бұрынғы 30 адамның ауыр қол еңбегін техникаға жүктеп, өндірісті мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде Қазалыдағы бұл цех — аймақтағы қатты карамель шығаратын жалғыз автоматтандырылған кәсіпорынға айналған. Мұнда «Қазалы» кәмпитінің дәстүрлі ащы жалбыз түрінен бөлек «Соломка» (бор кәмпит), «Барбарис», «Маусым», «Ала кәмпит» сияқты 8-ден астам түрі шығарылады. Ал 2021 жылдан бастап өнімнің сыртқы қаптамасы жаңартылып, оған Қазалы ауданының басты символы — ғасырлық тарихы бар теміржол вокзалы бейнеленеді. Бүгінде Сыр бойының бұл сүйікті дәмі Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарына кеңінен таралуда. «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауларында жоғары бағаланады. Отандық бренд қазіргі уақытта көршілес Қытай сияқты шетелдік нарықтарға да айына тонналап экспорттала бастады. Бүгінде Қазалының ғана емес, Қазақстанның тәтті брендтыне айналған – “Қазалы” кәмпитіне сұраныс жоғары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button