Жаңалықтар

Республика күні қарсаңында 160 отбасы баспаналы болды

Қызылорданың сол жағалауында жаңа пәтерлер табысталды

Республика күні қарсаңында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Қызылорданың сол жағалауындағы екі тұрғын үйдің 160 пәтерінің кілті иелеріне табысталды.

Аймақ басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтап, баспанамен қамту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

«Соңғы төрт жылда үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер беріліп, 30 мыңнан астам жерлесіміз баспаналы болды. Жыл соңына дейін тағы 3 мыңға жуық пәтер беріліп, 10 мыңға жуық тұрғынды баспанамен қамту жоспарланған.

Бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге аумағы 12 мың шаршы метрге жуық 160 пәтердің кілтін табыстап отырмыз. Жаңа қоныстарыңыздың босағасы берік, шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын!» – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Шара барысында тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев сөз сөйлеп, мемлекет және қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев ақ батасын берді.


Бүгінде сол жағалауда 27 мыңнан астам тұрғын тұрады. Мұнда 145 көпқабатты тұрғын үй, 21 әлеуметтік және 14 ірі бизнес нысаны бар. Тағы 50 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 25-і – көпқабатты тұрғын үй. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігін Сыр құрылысшылары атқаруда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button