Күріш алқаптары неге қысқарып жатыр?

Қызылорда облысында экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары айқындалды. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен алқалы мәжілісте өңірдегі бірқатар өзекті мәселелер мен түбегейлі өзгерістер талқыланды.
Аймақ басшысы өз сөзінде облыс экономикасының ұзақ жылдар бойы шикізатқа байланғанын, ендігі басымдық өңдеу өнеркәсібін өркендетуге берілетінін атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген тапсырмаларға сәйкес, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті жоғары сапалы өнім өндіру қолға алынуда.
Соңғы 4 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 25,6%-дан 33,8%-ға дейін өскен. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл салада 215 млрд теңгеге жуық өнім өндіріліп, нақты өсім 13,8%-ды құрады.
Бизнесті заман талабына сай жүргізуде цифрлық технологиялардың рөлі зор. Өткен жылы өңірдегі электрондық сауда айналымы 121 млн теңгеге жетіп, бөлшек саудадағы үлесі 2,3%-дықұрады. Аймақ басшысы кәсіпкерлерді сұранысқа ие ілеспе жобаларды ашуға және мемлекеттік жеңілдіктерді ұтымды пайдалануға шақырды.
Ауыл шаруашылығындағы ең күрделі түйткіл — вегетациялық кезеңдегі су тапшылығы. Осыған байланысты Президент тапсырмасына сәйкес, суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылуда. Биыл күріш егістігі өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға қысқарып, 70 мың гектарға егілді. Соңғы 4 жылда күріш алқаптары жалпы алғанда 19 мың гектарға (21%-ға) азайтылды.
Қысқарған алқаптардың орнына суды аз тұтынатын әрі өтімділігі жоғары дақылдар отырғызылуда. Осы мақсатта 2028 жылға дейін дән жүгері егісін ұлғайту бойынша арнайы Жол картасы бекітілді.
Агроөнеркәсіп өнімінің 30%-дан астамы мал шаруашылығына тиесілі. Шаруаларды тек маусымдық егіншілікпен шектелмей, жыл бойы табыс әкелетін мал басын көбейтуге бағыттау үшін наурыз айынан бастап жылдық 6%-бен «Игілік» және «Береке» несиелеу бағдарламалары іске қосылды.
Жиын соңында облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары иелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.


