
Қазақстанда энергияны ең көп тұтынатын 109 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Олардың қатарында металлургия, мұнай өңдеу және энергетика саласының нысандары кіреді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, ең ірі 10 кәсіпорын елдегі жалпы энергия тұтынудың шамамен 30 пайызын қамтамасыз етеді. Олардың қатарында ERG тобына қарасты кәсіпорындар, «Қазхром», алюминий және мұнай өңдеу зауыттары, сондай-ақ Маңғыстаудағы МАЭК секілді нысандар бар.
Ірі кәсіпорындардың энергия тұтыну көлемі жылына 8 миллион шартты отын тоннасына дейін жетуі мүмкін. Ал жылына 1 500 шартты отын тоннасынан астам энергия тұтынатын кәсіпорындар энергетикалық аудиттен міндетті түрде өтуі тиіс.
Министрлік мәліметінше, энергияны көп тұтынатын кәсіпорындардың басым бөлігі өндірістік секторға тиесілі. Әсіресе металлургия, мұнай өңдеу және электр энергиясын өндіру салалары энергия ресурстарын көп пайдаланатын бағыттар саналады.



