
Қазақстандық ғалымдар жоғары өнімді әрі бірқатар ауруларға төзімді жаңа картоп сортын шығарды. «Айтхожин» сорты Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен М.Ә. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты ғалымдарының бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Жаңа сорт 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы жоба аясында әзірленді. Зерттеудің негізгі мақсаты – Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайына бейімделген, жоғары өнімді, ауруларға төзімді және шаруашылыққа құнды қасиеттері бар картоп сортын шығару.
Селекция барысында дәстүрлі әдістермен қатар заманауи биотехнологиялық және молекулалық-генетикалық тәсілдер қолданылды. Зерттеу нәтижесінде өнімділігі, пісіп-жетілу мерзімі, түйнектерінің сапасы мен ауруларға төзімділігі бағаланып, перспективалы генотип іріктелді.
«Айтхожин» сортының өнімділігі гектарына 35 тоннаға дейін жетеді. Түйнектері сары түсті, домалақ-сопақша пішінді, көзшелері аз әрі ұсақ. Құрамындағы крахмал мөлшері 14,1–18,3%, С дәрумені 21,1–24,3 мг% деңгейінде. Сонымен қатар сорт картоптың мозаикалық X вирусына, альтернариоз бен фузариозға салыстырмалы түрде төзімді.
Жаңа сортты әзірлеуге ауыл шаруашылығы және биология саласының ғалымдары атсалысты. Қазір «Айтхожин» сортын мемлекеттік сортсынаққа ұсынып, кейін өндірісте енгізу жоспарланып отыр.


