Қызылорда облысында барлық заңсыз қоқыс үйінділері жойылды

Қызылорда облысында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Өңірдегі заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.
Экология департаментінің мамандары елді мекендер мен олардың сыртқы аумақтарын тұрақты түрде тексеріп, жергілікті билік органдарымен бірлесіп тазарту жұмыстарын жүргізеді.
Бұл бағыттағы басты құралдардың бірі — 2018 жылдан бері «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп жүргізіліп келе жатқан ғарыштық мониторинг. Аталмыш жүйенің көмегімен биыл аймақта 53 заңсыз үйінді тіркеліп, бүгінгі таңда олардың барлығы толығымен жойылды.
Ғарыштық бақылау мен жер үсті тексерулерін ұштастыратын кешенді тәсіл проблемалы аймақтарды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Өңірдің санитарлық жағдайын бақылау және бейберекет қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеу жұмыстары тұрақты бақылауда.



