KZO life

Бұрын музей болған шіркеу

Қызылорданың әр бұрышында қаланың өткенінен сыр шертетін тарихи нысандар бар. Солардың бірі — ғасырдан астам уақыт бойы түрлі кезеңдердің куәсі болып келе жатқан Қазан Құдай Анасының иконасы шіркеуі.

Бұл ғимараттың тарихы Перовск кезеңінен басталады. 1855 жылы 15 қазанда Перовск бекінісінде алғашқы православ шіркеуі ашылған. Ол кезде шіркеу тұрақты ғимарат емес, көшпелі шіркеу ретінде жұмыс істеген. 1863 жылы алғашқы тұрақты шіркеу салынады. Алайда саз кірпіштен тұрғызылған ғимарат көпке шыдамай, 1868 жылы жауын-шашыннан кейін құлап қалған. Сол жылы оның орнына күйдірілген кірпіштен жаңа шіркеу салынды.

Уақыт өте келе Перовск тұрғындарының саны көбейіп, шіркеу ғимаратына келушілер де артты. Сондықтан кеңірек әрі берік ғимарат салу қажеттілігі туындайды. Қазіргі шіркеудің құрылысы 1890 жылы басталып, бес жылдан астам уақытқа созылады. Ал 1896 жылғы 6 желтоқсанда жаңа ғибадатхана қасиетті орын ретінде пайдалануға беріледі.

Күйдірілген кірпіштен салынған ғимараттың сәулетінде неовизантиялық стильдің белгілері байқалады. Шіркеудің биіктігі шамамен 18 метр болған. Ал қоңырау мұнарасында кезінде тоғыз қоңырау болған. Олардың ішіндегі ең үлкенінің салмағы екі тоннадан асқан. Шіркеудің тағы бір ерекшелігі — оның тарихи иконаларымен байланысты. Ғимараттың ұзақ уақыт бойы өзге мақсатта пайдаланылуы кезінде бастапқы қабырға суреттерінің көп бөлігі сақталмаған. Дегенмен шіркеуде тарихи иконалар мен шіркеу бұйымдары бар. Олардың арасында Орынбор казактарының көшпелі шіркеуіне тиесілі иконаның да болғаны айтылады.

Шіркеудің тарихы тек діни орын ретінде қалыптасуымен шектелмейді. Кеңес кезеңінде ғимараттың қызметі өзгеріп, 1930-жылдардың ортасында шіркеу жабылады. Кейін мұнда арнайы қоныс аударушыларды қабылдау орны, обсерватория орналасқан. Ал одан кейін ғимарат ұзақ уақыт бойы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің алғашқы мекені болды.

Осылайша бір ғимараттың қабырғасында қаланың әр дәуірінің ізі қалды. Бір кезеңде мұнда адамдар құлшылық етсе, кейін бұл орын ғылыми және музейлік қызметке пайдаланылды.

1989 жылдың мамырында ғимарат қайтадан православ шіркеуіне беріледі. Осылайша бір кездері діни қызмет тоқтаған тарихи нысан қайтадан өз бастапқы қызметіне оралды.

Кейде қаланың тарихын үлкен кітаптардан емес, осындай көне ғимараттардан да оқуға болады. Бір ғимараттың тағдырына үңілсеңіз, тұтас қаланың өткені көз алдыңызға келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button