Қызылорда жазының өз ережесі бар

Қызылордада жаздың келгенін күнтізбеден емес, термометрден білуге болады. Таң атпай күн қыздырып, түске қарай көлеңке іздеген жан көбейеді. Ал шілде мен тамызда аптап ыстық қала тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналады.
Сыр бойының жазы жай ғана ыстық емес. Қазгидрометтің дерегінше, Қызылордада шілдедегі абсолюттік температуралық максимум 46,5°C-қа жеткен. Мұндай ыстықта өмір сүру үшін қала тұрғындары да өз тәртібін қалыптастырған.
Қызылордалықтар күннің ыстығымен таласпайды. Керісінше, оған бейімделеді. Шаруасын таңертең ерте немесе кешкі салқынға қалдырып, түскі уақытта көлеңке мен салқын жерді паналайды. Көшеге шықса, қолында суы, басында бас киімі болады. Жеңіл әрі кең киім де жазғы гардеробтың басты бөлігіне айналады.
Аптап ыстықтың тағы бір айғағы суға деген сұраныстың артуы. Мәселен, 13–19 шілде аралығында Қызылордада тәулігіне 104 мың текше метрге дейін су тұтынылған. Бұл ыстықтың қала өміріне тікелей әсер ететінін көрсететін көрсеткіш.
Жазда кондиционер мен желдеткіш те тұрғындардың күнделікті серігіне айналады. Үйде, көлікте, кеңседе салқын ауа іздеу Қызылорда үшін әлдеқашан жайлылық емес, қажеттілік. Ал күн батып, ыстықтың беті қайтқанда қала да қайта жанданады. Саябақтарда серуендегендер, Сырдария жағасына шыққандар, аулада ойнаған балалар көбейеді. Күндіз тым-тырыс көрінген көшелер кешкі салқынмен бірге қайтадан тіршілікке толады.
Қызылорданың ыстығына алғаш келген адам үшін 40 градустан асатын температура таңсық болуы мүмкін. Ал жергілікті тұрғын үшін бұл – жыл сайын қайталанатын жаздың өз тәртібі.



