KZO life

Келінге жағаласпай да өмір сүруге болады

Зейнетке шығу – белсенді өмірмен қоштасу емес. Керісінше, өзіңе уақыт бөліп, денсаулықты күтіп, өмірдің әр сәтінен ләззат алатын кезең. Бүгінгі кейіпкерлеріміз де осы ұстанымды өмір салтына айналдырған. Олар уайымсыз өмір сүріп, салауатты өмір салтын ұстануды, әдемі қартаюды, тіпті келіндерімен жағаласпай өз өмірлерін тыныш ғана сүруді таңдайды.

Қазір 15 адамнан тұратын зейнеткерлер тобы бар. Олар күн сайын таң атысымен «Сыр ана» монументінің маңына жиналады. Әрине, өсек айту үшін емес, жаттығу жасап, денсаулықтарын нығайтып, сергек жүру үшін. Бірге жаттығу жасап қана қоймай, өзара араласып, ортақ қызығушылықтарын да бөліседі.

Топтың тарихы 2019 жылдан бастау алады. Алғашында жаттығу алаңына жалғыз барып жүрген Гүлмира Амирова уақыт өте келе өзімен қатарлас апалармен танысып, бірге жаттығуды әдетке айналдырған.

– Зейнеткерлерден тұратын бұл шағын топ 2019 жылы құрылды. Бастапқыда үлкен мешіт жақта орналасқан жаттығу алаңына барып жүрдім. Сол жерде күн сайын жаттығуға келетін апаларды көретінмін. Бірте-бірте араласып, әңгімеміз жарасып, бірге жаттығу жасай бастадық. Уақыт өте келе қатарымыз көбейді. Алғашында бірге фотоға, видеоға түсетінбіз. Кейін WhatsApp-та ортақ чат ашуды жөн көрдік. Содан бері күн сайын жаттығу жасап, салауатты өмір салтын ұстанып келеміз. Ең үлкені –79 жаста, – дейді ол.

Гүлмира Амированың айтуынша, спортпен шұғылдану үшін міндетті түрде фитнес-залға жазылып, біреудің бақылауында болу шарт емес. Ең бастысы – адамның өз-өзін жеңіп, жаттығуды күнделікті әдетке айналдыруы тиіс деседі.

– Спорт жас талғамайды. Мейлі жас бол, мейлі егде тарт, адам кез келген уақытта жаттығу жасай алады. Мұны тек әдемі әрі жас көріну үшін емес, ең алдымен денсаулық үшін, күні бойы сергек әрі қуатты жүру үшін жасау керек. Мен күн сайын ерте тұрғаныма және әрбір күнім үшін шүкіршілік етемін. Ғылыми тұрғыда мұны «аффирмация» деп атайды. Жалпы, спортпен шұғылдану үшін әдемі аула немесе арнайы жаттығу залы қажет емес. Ең бастысы – ниет, – дейді ол.

Кейіпкерлеріміздің өмір салты – жас ұлғайған сайын қозғалысты азайтпай, керісінше, денсаулыққа көбірек көңіл бөлудің үлгісі. Олар үшін таңғы жаттығу – жай ғана қимыл-қозғалыс емес, күнді жақсы көңіл күймен бастап, белсенді өмір сүрудің бір жолы. Бүгінде зейнеткерлерден құралған топ тек бірге жаттығу жасап ғана қоймай, бірге бос уақытын өткізеді. Бір-бірінің туған күн кештерін, қуаныштарын атап өтеді. Тіпті бірге түрлі қызық кештер ұйымдастырады. Олардың айтуынша, келінмен жағаласпай қартайғаннан кейінгі өмірді өзіне арнау жақсы деседі. Егер сіз де салауатты өмір салтын ұстанамын десеңіз, есік ашық.

Айдана Бахтияр

Басқа жаңалықтар

Back to top button