Сыр өңірі Қытаймен агросектордағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қызылорда облысы агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту мақсатында Қытаймен серіктестікті кеңейтіп жатыр. Осы бағытта облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов бастаған делегация ҚХР-ға жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы саласындағы компаниялармен келіссөздер жүргізді.
Делегация Бэйянь округінде агросектордың жетекші кәсіпорындарымен кездесіп, тұқым шаруашылығы, агротехнология және өнім өңдеу бағыттарында тәжірибе алмасты. Ғылым докторы Лу Нанмен өткен кездесуде сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Сондай-ақ «Jiarun Agriculture», «Gao’s Hetian Rice Industry» және «Baqi» компанияларының күріш пен жүгері өндірісіндегі тәжірибесімен танысты.
Хайнань провинциясындағы өнеркәсіптік қалалық Инвестициялар паркінде өткен келіссөздер барысында агроөнеркәсіп саласындағы ресурстарды біріктіру, бірлескен өндірістік парктер салу және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Нәтижесінде Қызылорда облысының әкімдігі, Хайнань провинциясының Инвестициялар паркі және Хэйлунцзян Хэхуэйдэ сауда компаниясы арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.
Делегация Дунфан қаласында «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы халықаралық ауыл шаруашылығы конференциясына да қатысты. Онда Қытай мен Қазақстан арасындағы аграрлық кооперацияны тереңдету, технология алмасу және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар бүгінгі шарада бірқатар ұйымдар арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдар жасалды.
Келісімдер Сыр өңірінің агросекторына сыртқы инвестиция тартуға, жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға және екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.



