Сыр өңірі мұнай өндіруде жаңа технологияларды енгізу бойынша қытайлық компаниямен ынтымақтастықты қарастыруда

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Gepetto Energy Technology (Hainan) Co., Ltd компаниясының директоры Цзэн Биньмен кездесті. Кездесуде өңірдегі кен орындарында мұнай өндіру көлемін арттыруға бағытталған заманауи технологияларды қолдану мәселесі талқыланды.
Gepetto – мұнай-газ өндірісін ұлғайтуға арналған технологиялар әзірлейтін Қытайдың жетекші жоғары технологиялық компанияларының бірі. Компания гидравликалық жару, қышқылдық өңдеу, жетілген кен орындарынан мұнай алу коэффициентін арттыру бойынша шешімдер ұсынады.
Gepetto-ның өнімдері мен технологияларының қатарында наноэмульсиялық қоспалар, инновациялық жару сұйықтықтары, толық еритін көпірлік тығындар және химиялық трассерлер бар. Олар Қытайдағы бірқатар ірі кен орындарында сынақтан өтіп, тиімділігі дәлелденген.
2021 жылы компания Орталық Азия нарығында жұмыс істеу үшін Қызылорда облысында еншілес кәсіпорын құрды. Мақсат – қытайлық технологияларды Қазақстанның геологиялық жағдайына бейімдеп енгізу.
Кездесуде сондай-ақ сервистік компания құру, зертханалар ашу, ұлттық мұнай-газ компанияларымен бірлескен жобаларды іске асыру және қазақстандық мамандарды Қытайға тағылымдамадан өткізу ұсынылды.
Gepetto технологияларын қолдану жаңа және жұмыс істеп тұрған ұңғымаларда мұнай өндіру көлемін ұлғайтуға, кен орындарының тиімділігін арттыруға және саланың технологиялық дамуына ықпал етуі мүмкін.

