Қызылордада жоғары технологиялық онкодиагностикалық орталық ашылады

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Orhun Medical компаниясының жаңа диагностикалық орталығының жұмысымен танысты. Орталықтың негізгі бағыты — позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томографияны біріктіретін жоғары технологиялық ПЭТ/КТ диагностикасы. Бұл онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, таралу деңгейін бағалауға және емдеу нәтижесін бақылауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін мұндай қызметті алу үшін өңір тұрғындары Алматы немесе Астана қалаларына барса, енді диагностика жергілікті деңгейде қолжетімді болады. Орталықтың жобалық қуаты жылына 3 500 ПЭТ/КТ, 16 000 МРТ, 20 000 КТ, 25 000 рентген және 10 000 маммография жүргізуге есептелген.
Бұл жоба Orhun Medical компаниясының Қазақстан өңірлерінде онкологиялық көмекті дамытуға бағытталған бастамасының екінші кезеңі болып табылады. Орталық Қызылордамен қатар Ұлытау, Түркістан және Ақтөбе облыстарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Бірінші кезеңде Ақтау қаласында осындай орталық іске қосылған.
Диагностикалық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі. Сонымен қатар МРТ, КТ, УДЗ, маммография, рентген, зертханалық талдаулар және бейінді мамандардың консультациялары қолжетімді болады. Орталық ақпан айында ашылады деп жоспарлануда.


