
Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық аясында елімізге АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасының (FAA) аудиторлар тобы келді. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum алаңында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, бұл бағыттағы ауқымды дайындық жұмыстары бірнеше жыл бойы жүргізіліп келеді. Американдық сарапшылардың тексерісінен соң жақын болашақта екі ел арасында тұрақты тікелей әуе рейстері жолға қойылады деп күтілуде.
Тексеріс аясында IASA (Халықаралық ұшу қауіпсіздігін бағалау) бағдарламасы бойынша аудит жүргізіледі. Онда АҚШ реттеушісі еліміздің авиациялық құрылымдарының ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) белгілеген халықаралық қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай келетінін тексереді. Бұл бағалаудан сәтті өту — Қазақстанға тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті ресми рұқсат (мәртебе) алудың басты шарты.
Қос тарап осы аудитке байланысты мәселелерді биылғы тамыз айында Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі мен АҚШ елшілігі деңгейінде де талқылаған болатын.
Дегенмен рейстердің басталуы тек аудиторлық тексеріспен шектелмейді. Оған қажетті халықаралық рұқсаттар алу мен алыс қашықтыққа ұшатын тиісті әуе кемелерінің жеткізілуі де әсер етеді. Бұған дейін «Air Astana» әуе компаниясы Америкаға тікелей рейстерді 2027 жылы бастау жоспарланғанын хабарлағанымен, алғашқы ұшудың нақты күні әзірге бекітілген жоқ.



