Жаңалықтар

Шиелідегі супер жоба

Аудан суды 10 есе аз жұмсап, миллиардтағы өнім алуда

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Шиелі ауданына жасаған жұмыс сапары барысында заманауи су үнемдеу технологиясымен жүгері өсіріп жатқан агрожобалардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Алдымен өңір басшысы Телікөл ауылдық округіндегі «Таң ЛТД» ЖШС-нің тамшылатып суару әдісі қолданылған жүгері алқабына барды. Мұнда 3 мың гектар аумаққа жүгері өсіру жоспарланған болса, биыл соның 1000 гектары егілген. Мемлекеттік қолдау мен тартылған инвестиция есебінен су үнемдеу жабдықтары мен суару жүйелеріне қажетті инфрақұрылым толық тартылған. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2024 жылы қытайлық «Bayan Country Jiarun Agricultural Development CO» компаниясымен бірлесе басталған жоба аясында былтыр 700 гектардан 4,5 мың тоннадан астам өнім жиналып, жоба өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеген еді. Қазіргі таңда бұл алқапта 50 адам еңбек етуде, ал жоба 2027 жылға дейін толық қуатына шығады деп күтілуде.

Одан бөлек, «Центр Семеноводства» ЖШС Талаптан ауылдық округінде жүгері өсіруді қолға алған. Жалпы құны 10 миллиард теңгені құрайтын масштабты жоба аясында 10 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дәндік жүгері егіледі. Биыл шаруашылық 1000 гектар жерді игеріп, мемлекеттік қолдау мен жеке инвестиция арқасында қажетті заманауи су үнемдеу жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Қазіргі сәтте бұл егіс басында 50 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр, ал жобаны 2026-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен толық іске қосу жоспарланған.

Жалпы, биыл Шиелі ауданы бойынша 32 499 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, қазіргі уақытта егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 1 661 тонна бидай жиналып, 15 гектар арпа толық орылды. Өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу көлемі жыл санап артып келеді: өткен жылы мұндай агротехнологиялар 8 100 гектарға қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 14 200 гектарға дейін ұлғайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button