
Қазақстанда жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры аумағында 813 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 46,2%-ға көп болғанымен, жедел әрекет етудің нәтижесінде жалын шарпыған жалпы аумақ 40,7%-ға (60,9 мың гектардан 36,1 мың гектарға дейін) қысқарды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Мамандар өрт оқиғаларының жиілеуін маусымның ерте басталуымен, құрғақ әрі аптап ыстықпен, найзағай разрядтарымен және дала өрттерінің орманға ойысуымен байланыстырады. Әсіресе күз басталғалы 59 өрт ошағы тіркелген. Жалын ең көп шыққан өңірлер қатарында Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары мен «Семей орманы» табиғи резерваты бар.
2023–2026 жылдары орман өртінің алдын алу және оны сөндіру саласын жарақтандыруға бюджеттен 77,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 2 251 бірлік мамандандырылған техника мен мыңдаған қосалқы құралдар сатып алынды:
- 463 өрт сөндіру көлігі және 546 шағын орман патрульдік кешені;
- 890 трактор мен 352 патрульдік және жүк көлігі;
- Жылу бейнелегіші бар 61 дрон (БПЛА), сондай-ақ ондаған мотоцикл, қайық пен квадроциклдер.
Қазіргі уақытта «Семей орманы», «Ертіс орманы», Баянауыл секілді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қажетті техникамен 100% жабдықталған. Ал негізгі өрт қаупі жоғары аймақтарда жарақтандыру деңгейі 90%-дан асады.
Биылғы өрттердің басым бөлігі жер үсті күзеті (379 жағдай), авиациялық бақылау (151), мұнаралар (125), автоматты ерте анықтау жүйелері (117) және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторингі арқылы дер кезінде тіркелген. Жыл соңына дейін ерте анықтау жүйесімен қамтылған аумақты 5 млн гектардан асыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар қауіпсіздік үшін 8,6 мың шақырым жаңа минералды жолақ салынып, 252 мың шақырымнан астам жолаққа күтім жасалды. Аса қауіпті кезеңде ел аумағында қосымша 636 өртке қарсы бекет жұмыс істеп жатыр. Кешенді шаралар табиғи апат салдарын барынша шектеуге мүмкіндік беруде.



