Ауылға барған дәрігерлерге қандай көмек көрсетіледі?
Медицина мамандарына 100 АЕК-тен бастап қолдау беріледі

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталғалы бері ауылдағы медициналық нысандарға 1 700-ден астам медицина қызметкері жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Ауылдағы кадр тапшылығын азайту мақсатында медицина мамандарын өңірлерге тартуға бағытталған бірқатар қолдау шаралары қарастырылған.
Тапшы мамандық иесі ретінде ауылға жұмысқа барған медицина қызметкерлеріне 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі.
Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға барған жас мамандарға да 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы қарастырылған. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жеңілдетілген несие беріледі. Аудан орталықтарында оның көлемі 2 500 АЕК-ке дейін, ал ауылдарда 2 000 АЕК-ке дейін жетеді.
Бүгінде медицина қызметкерлеріне 900-ге жуық әлеуметтік қолдау шарасы көрсетілген. Оның ішінде көтерме жәрдемақы, қызметтік тұрғын үй, жеңілдетілген несие, коммуналдық қызметтер мен байланыс төлемдеріне қатысты көмек түрлері бар.
Жаңадан келген мамандарға бейімделу және кәсіби даму кезеңінде тәжірибелі қызметкерлердің қатысуымен тәлімгерлік жүйесі де ұйымдастырылады.
Сонымен қатар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін республикалық бюджет және Инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен 20-дан астам медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланған.



