
Шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында «Almaty CUP» республикалық турнирі өтті. Чемпиондар кубогы сарапқа салынған жарысқа Қазақстанның әр өңірінен 9 команда қатысты.
Турнирге Қызылорда журналистерінен құралған «Ақмешіт» командасы да қатысып, жүлделі орыннан көрінді.
Жарыс «Қайрат» футбол академиясының алаңында ұйымдастырылды. Атырау, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған және Семейден келген командалар екі топқа бөлініп, өзара бақ сынады.
Жартылай финалда «Ақмешіт» командасы Тараз құрамасын жеңіп, финалға жолдама алды. Ақтық сында қызылордалық журналистер Семей командасына 0:1 есебімен есе жіберіп, екінші орынға ие болды. Үшінші орынды Шымкент командасы иеленді.
Айта кетейік, «Ақмешіт» командасының капитаны, Ұлттық арнаның Қызылордадағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов турнирдің «Үздік сұрмергені» номинациясын жеңіп алды.



