Жаңалықтар

Қызылордада төлем жүйесі жаңарды

Коммуналдық қызметтер бір құжатқа біріктірілді

Қызылорда облысында коммуналдық қызметтерге ақы төлеудің жаңа тәртібі енгізілді. 2026 жылдың қаңтарынан бастап электр энергиясы, жылу, су, кәріз және қоқыс шығару қызметтері бір төлем құжатына біріктірілді.

Қазір облыстағы тұтынушылардың 80 пайыздан астамы төлемді электрондық бірыңғай құжат арқылы жүзеге асырып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде сала мамандары мәлімдеді.

Бірыңғай төлем жүйесін енгізу жұмыстары 2024 жылы басталды. 2025 жылы тиісті Үлгілік қағидалар қабылданып, оператор ретінде «АЛСЕКО» АҚ бекітілді.

Алғашқы кезеңде тұрғындарға қағаз түбіртек берілді. Электрондық форматқа көшу біртіндеп жүргізіліп, қағаз құжаттарды жеткізу маусым айына дейін жалғасты.

Мамандардың айтуынша, тұрғындар арасында төлем сомасының қалай есептелетініне қатысты сұрақтар бар.  «АЛСЕКО» АҚ коммуналдық қызметтердің тарифін белгілемейді және тұрғындарға төлем сомасын өз бетінше есептемейді. Әр қызмет бойынша есептеуді сол қызметті көрсететін коммуналдық кәсіпорын жүргізеді.

Ал «АЛСЕКО»-ның міндеті кәсіпорындардан келіп түскен есептеулерді бір жүйеге біріктіріп, тұрғындарға бірыңғай төлем құжаты ретінде ұсыну. Егер тұрғынның түбіртектегі су, жылу немесе электр энергиясына қатысты есептеуге күмәні болса, алдымен сол қызметті көрсететін мекемеге жүгіну қажет, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.

Төлемге қатысты түсініспеушілік болса, тұрғындарға есептегіш көрсеткіштерін тексеріп, тиісті қызмет көрсетуші мекемеге жүгіну ұсынылады.

Сонымен қатар тұтынушыларға «Smart ЖКХ» мобильді және веб-қосымшасы тегін ұсынылған. Ол арқылы төлем құжатын, төлемдер тарихын және қызмет көрсетушілердің байланыс деректерін көруге болады.

Қазір төлем құжаттарын жаңарту, тікелей төлемдерді бірыңғай жүйеге кезең-кезеңімен көшіру және мекенжай деректерін біріздендіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Негізгі мақсатымыз — тұтынушыға бірнеше жерден төлем іздеп, әр қызмет бойынша бөлек есеп жүргізбей, барлық коммуналдық қызметті бір құжаттан көруге және төлеуге мүмкіндік беру. Яғни бірыңғай төлем құжатының басты міндеті — төлем процесін тұрғындар үшін барынша түсінікті, ыңғайлы әрі ашық ету, — деді «АЛСЕКО» АҚ коммерциялық директоры Алексей Юозжанов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button