Жаңалықтар

«Жұрт не дейді» үрейін қалай жеңеміз? 

Көпшілік алдында еркін сөйлеудің сырын маман тарқатты

Қазіргі заманда көпшілік алдында еркін сөйлеу, өз ойын ашық жеткізу және ортаға шығып пікірін батыл айту – кез келген адамға ауадай қажет дағдылардың бірі. Сахнаға немесе көпшілік алдына шыққанда пайда болатын қобалжуды тізгіндеп, ойды жүйелі жеткізу үлкен өнер. Алайда көпшілік алдында сөйлеуден сескену қазіргі қоғамда жиі кездесетін психологиалық кедергі. Зерттеулер бұл қорқыныштың түпкі төркіні өзіне деген сенімсіздіктен басталатынын көрсетеді. Дегенмен мұндай үрейді тек кітап оқу немесе сөздік қорды байыту арқылы ғана жеңе алмайсыз. Оған тұрақты тәжірибе, аудиториямен жұмыс істеу және өз эмоцияңды басқара білу қажет.

Бүгінгі кейіпкеріміз – «Бедел» ораторлық дамыту орталығының негізін қалаушы, кәсіби оратор, дебат ойындарының жеңімпазы Айжан Орынбасар. Жас болса да, бұл бағытта алты жылдан астам уақыт тәжірибе жинақтап келе жатқан ол бүгінде жеке орталығын ашып, көпшілік алдында сөйлеуге қиналатын жандардың қабілетін шыңдап жүр. Маманның пайымынша, ораторлық өнер тек журналист, мұғалім немесе басшылық қызметтегі тұлғаларға ғана керек деген түсінік қате.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Ораторлық өнер барша адамға қажет. Себебі дұрыс сөйлей білу де – өнер. Ол адамның имиджін қалыптастырып, өзіне деген сенімін көрсетеді. Кез келген ортада өз ойыңды дұрыс жеткізе білу маңызды. Мысалы, жұмысқа орналасу кезінде адамның кәсіби қабілетімен қатар, өзін ортада қалай ұстайтынына, ойын қаншалықты анық жеткізе алатынына да мән беріледі. Егер адам өзін дұрыс таныстырып, бойындағы қабілетін көрсете алмаса, бұл оның кәсіби дамуына да әсер етуі мүмкін болары анық. Қазір үнсіз қалатын заман емес. Өз ойыңды ашық әрі сауатты жеткізе білу – қоғам талабына айналды, – дейді Айжан Орынбасар.

Жалпы, көпшілік алдына шыққанда адам санасында түрлі үрей қылаң береді. «Жұрт мен туралы не ойлайды?», «Дұрыс айтып тұрмын ба?», «Сөзімнен жаңылып қалмаймын ба?» деген мазасыз сауалдар адамның өзін-өзі шектеуіне басты себеп болады. Маманның айтуынша, мұндай сәтте ең бірінші кезекте психологиялық дайындық пен практикалық шеберлік маңызды рөл атқарады.

– Көпшілік алдына шыққанда адамдардың басына бірден «мен дұрыс айтпай қаламын» деген ой келеді. Бұл – қорқыныштың бір көрінісі. Кей адам қобалжу кезінде денесін де, эмоциясын да басқара алмай қалады. Одан бөлек, аудиториямен жұмыс істеу, оны қызықтыру мәселесі тағы бар. Адам таныс емес ортаға түскенде немесе бейтаныс адамдардың алдына шыққанда қобалжуы мүмкін. Сондықтан мұны тек теория арқылы жеңу қиын. Ортаға жиі шығу керек, сөйлеу керек, тәжірибе жинау қажет. Қорқынышты жеңудің бір жолы да осы қорқынышпен жұмыс істеу, – дейді ол.

Көпшілік алдында әсерлі сөйлеу үшін тек бай сөздік қор аздық етеді. Мұнда дауыс ырғағы, дикция, сөйлеу қарқыны және дене қимылының маңызы орасан зор. Әсіресе, әңгіме барысында ым-ишараны (жест) орынды қолдану адамға үлкен сенім сыйлап, ойын еркін жеткізуіне жол ашады.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Ораторлық өнерде жесттің де орны ерекше. Мысалы, ойыңды қол қимылымен көрсете отырып сөйлеу адамның өзін еркін сезінуіне ықпал етеді. Сонымен қатар оқыған ақпаратты жай ғана есте сақтап қою жеткіліксіз. Кітап оқығаннан кейін сол ақпаратты өз сөзіңмен қайта баяндап көру керек. Бұл адамның ойын жүйелеуіне және сөйлеу қабілетін дамытуына көмектеседі, – дейді Айжан.

Бүгінгі таңда халықтың ораторлық өнерге деген қызығушылығы артып келе жатқанын мамандар да растайды.

– Биыл ораторлық орталықтарға қатысушылардың саны шамамен 70 пайызға артты. Мен бұл салада жүргеніме алты жылдан астам уақыт болды. Ал өзімнің «Бедел» атты ораторлық орталығымды ашқаныма биыл екі жыл болды. Сөйлеу артық етпейді. Керісінше, адамның өзіне деген сенімін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Қорыта айтқанда, көпшілік алдында еркін сөйлеу – тек туа бітетін қабілет емес. Оны жүйелі тәжірибе, тұрақты жаттығу және өзіңмен жұмыс істеу арқылы оңай қалыптастыруға болады. Ең бастысы – қателесуден қорықпай, алғашқы қадамды батыл жасау.

Айдана Бахтияр 

Басқа жаңалықтар

Back to top button