
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Құзыреттілік орталығында» егін жинау науқанының аяқталуына орай «Ақмаржан» агромәдени фестивалі аясында «Алтын күз – 2026» салтанатты шарасы өтті.
Жиында ауыл шаруашылығы жетістіктері таныстырылып, жергілікті өндірушілердің өнімдері қойылған көрме ұйымдастырылды. Аймақ басшысы дала еңбеккерлеріне алғыс білдіріп, саланың дамуына тоқталды.
Биыл ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 37 млрд теңге бөлінді. Жылдың 9 айында 178 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, салаға тартылған инвестиция көлемі 25 млрд теңгеге жетті.
Шарада агроөнеркәсіп кешенінің үздік қызметкерлері марапатталып, тоғыз автокөлік табысталды. «Үздік аудан» номинациясы Қармақшы ауданына берілді. Егін шаруашылығы бойынша Жалағаш, мал шаруашылығы бойынша Жаңақорған ауданы озат атанды.
Биыл өңірдегі егіс көлемі 193 700 гектарға жетті. Су тапшылығына байланысты күріш алқабы 10 900 гектарға қысқартылып, су аз қажет ететін дақылдар көлемі 20 мың гектарға жуық ұлғайтылды. Су үнемдеу технологиялары қолданылған жер көлемі 14 200 гектарға жетті.
Сондай-ақ Республика күні қарсаңында өңірде жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Жалпы, биыл 30 млрд теңгеге 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.



