Қызылордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
«Алтын күзде» 1200 тоннадан астам өнім сатылды

Қызылордада «Ақмаржан» агромәдени фестивалі аясында «Алтын күз – 2026» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған облыстың барлық ауданы мен қала шаруалары қатысып, 450 жүк көлігімен 1200 тоннадан астам өнім ұсынды. Өнімдер нарықтағыдан төмен бағамен сатылды.
Сауда сөрелеріне күріш, Арал балығы мен ас тұзы, ет, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек және бақша өнімдері қойылды. Әсіресе, балық, құрт, ірімшік, күріш пен көкөніс-жеміске сұраныс жоғары болды.
Қармақшы ауданы 150 тоннаға жуық, Жалағаш пен Сырдария аудандары 200 тоннадан өнім әкелді. Арал ауданы 75 тоннаға жуық өнім, оның ішінде 15 тонна балық ұсынды. Қазалы ауданының шаруалары күріш, ет, балық және Қазалы кәмпиттерін сатты. Өнімдер 10–15 пайыз төмен бағамен ұсынылды.
Жаңақорған ауданынан 50 көлікпен картоп, асқабақ, көкөніс пен жеміс-жидек жеткізілді. Қызылорда қаласының жәрмеңкесінде де азық-түліктің бірнеше түрі сатылды. Ал Шиелі ауданының шаруалары Тасбөгет кентіне 150 тоннадан астам өнім және 30 бас тоқты әкелді.



