Жаңалықтар

Кешке Қызылордада қайда серуендейміз?

Жаз мезгілінде Қызылордада күннің ыстығы 40-50 градусқа дейін жететіні рас. Сондықтан күндіз көшеде ұзақ жүру оңай емес. Қала тұрғындарының көбі кеш түсе далаға шығып, серуендеп, таза ауа жұтып, қаланың кешкі өміріне көз жүгірткенді ұнатады. Әсіресе жұмыстан кейін немесе демалыс күндері кешкі серуен Қызылорданың өзіндік бір мәдениетіне айналғандай.

Соңғы жылдары қалада кешкі демалысқа арналған әдемі орындар да көбейіп келеді. Соның бірі — Махаббат аллеясы. Бұл жер тыныш атмосферасымен, жарық шамдарымен және ұзақ әңгімеге ыңғайлы ортасымен ерекшеленеді. Кешкісін мұнда көңілді жастар, қол ұстасқан ғашықтар, баларымен уақыт өткізіп жүрген ата-аналар да көп болады.

Ал Президент саябағы бүгінде қаладағы ең заманауи әрі әдемі локациялардың біріне айналды. Кең аллеялар, жаңа демалыс аймақтары, фотозоналар мен кешкі жарықтар, түрлі фантандар бұл жерге ерекше әсемдік береді. Әсіресе күн батқаннан кейін парк мүлде басқа көрініске енеді.

Кешкі серуен үшін тағы бір жақсы орын — Сырдария жағалауы. Өзен бойындағы салқын жел мен тыныш орта ыстық күннен кейін демалып қайтуға таптырмас жер. Күн ұясына батып, аспан қызғылт түске боялған сәтте жағалау ерекше көркем кейіпке енеді. Мұнда тұрғындар таза ауа жұтып, өзен жағасымен серуендеп, достарымен әңгіме-дүкен құрып, ыстық кофе ішкенді ұнатады. Кейбірі тыныш отырып терең ойға шомылса, енді бірі күннің батуын тамашалайды. Сырдария жағалауы — қаланың қарбаласынан сәл алыстап, жан тыныштығын сезінуге болатын ең жайлы орындардың бірі.

Күн салқындап, көшелерге жан біткен сәтте қала мүлде басқа кейіпке енеді. Самал жел, адамдардың жайдары көңіл-күйі мен кешкі тыныштық ерекше әсер сыйлайды. Осындай сәттерде туған қаланың қарапайым көріністерінің өзі жүрекке жылы сезім ұялатып, адамға ерекше шабыт береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button