
12 тамыз — Халықаралық Каспий теңізі күніне орай Қазақстан бірегей экожүйені сақтау бойынша кешенді шараларды күшейтті.
Тегеран конвенциясының күшіне енуімен байланысты атап өтілетін бұл айтулы күнде Каспий маңы елдері теңіз ортасын бірлесіп қорғауды басты орынға қойып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елде Каспийдің табиғи байлығын сақтау және климаттық өзгерістерге бейімделу жөніндегі Мемлекетаралық бағдарлама белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Каспийдің жай-күйін терең зерттеу үшін өткен жылдың қыркүйегінде Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылған болатын. Теңіз акваториясы мен жағалау аймағын жүйелі түрде бақылау мақсатында Үкімет резервінен 1,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат заманауи жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыруға бағытталды.
Институт әзірлеген арнайы бағдарлама аясында ғылыми экспедициялар белсенді түрде жүргізілуде. Атап айтқанда:
- Теңіз акваториясында — 50 түрі бойынша (метеорологиялық, гидрологиялық, биологиялық және түбіндегі шөгінділер жағдайы);
- Жағалау аймағында — 26 параметр бойынша аспаптық әрі көрнекі бақылаулар жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Каспий маңы мемлекеттерінің бірлескен Іс-қимыл жоспары талқыланып жатыр. Бұл құжат өңір елдерінің ғылыми потенциалын біріктіріп, Каспий теңізін келер ұрпақ үшін аман-есен сақтап қалуға жол ашады.



