Жаңалықтар

Шалқияның бағы жанды

Ауылда миллиардтар қозғалып, тарихи өндіріс басталды

Жаңақорған ауданының Шалқия кентінде қытайлық «Liaoning Hongda Group» компаниясының қатысуымен «Бурабай-Жалғызағаш» тау-кен байыту комбинатының құрылысы ресми түрде басталды. Салтанатты шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен инвестор компанияның бас директоры Тан Цзюган қатысып, өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды өндіріс орнының іргетасын қалады.

Сыр өңірі үшін тарихи маңызға ие бұл жобаға 138 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Комбинат алдағы екі жыл ішінде салынып, 2028 жылы толық іске қосылады деп жоспарлануда. Өндіріс ошағы толық қуатына шыққан кезде жылына 210 мың тонна қорғасын-мырыш шикізаты мен 20 тонна күміс өндіреді. Ең бастысы, жергілікті тұрғындар үшін 550-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Қазіргі таңда кен орнының шикізат базасын кеңейту мақсатында бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, өндірістік жолдар мен құрылыс алаңдары дайындалуда. Сонымен қатар нысанды электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, желіге қосу шаралары атқарылып жатыр.

Жалпы, Жаңақорған ауданында соңғы үш жылда 6,7 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба жүзеге асса, алдағы үш жылда облыс бойынша өнеркәсіп саласында 1,9 триллион теңгенің 48 ірі жобасын іске қосып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button