
Қазақстанда тұтынушылық несие өсімін баяулату, қаржы нарығын реттеу және азаматтардың құқықтарын қорғау шаралары талқыланды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Президентке есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаржы нарығындағы жағдай мен алдағы міндеттер таныстырылды. Банктердің активтері 75,6 трлн теңгеге, капитал жеткіліктілігі 20,7 пайызға жеткен.
Агенттік 8 айда қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекциялық тексеру жүргізіп, 190 қадағалау шарасын қолданған. Нәтижесінде 465 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар 13 микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылып, 6 ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылған.
Бизнеске берілген кредиттер 3,5 пайызға өсіп, 16 трлн теңгеге жетті. Кәсіпкерлікке жаңадан берілген қарыз көлемі 19,1 пайызға артып, 12,5 трлн теңгені құрады. Реттеу шаралары нәтижесінде тұтынушылық несие өсімі 4,6 пайызға дейін баяулаған.
Сондай-ақ жыл соңына дейін мерзімі кешіктірілген берешекті ұжымдық реттеудің Finkelisim.kz платформасын іске қосу және азаматтардың арыз-шағымдарын қарау үшін Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесін құру жоспарланған.
Кездесу қорытындысында Президент қаржылық тұрақтылықты сақтау, жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және экономика салаларын кредиттеуді арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.



