
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау тетіктерін күшейту жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталына жариялады.
Жоба кәсіби жауапкершілікті сақтандыруды жетілдіруге және дәрігерлердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар дәрігер-интерндер мен резиденттерді сақтандырумен қамту ұсынылған.
Құжатта медицина қызметкерлері зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жағдайда сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібі нақтыланады. Денсаулыққа келтірілген зиянды бағалау және өтемақы төлеу рәсімдері де жетілдіріледі.
Өзгерістер сақтандыру рәсімдерін ашық әрі тиімді етуге бағытталған. Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 16 қыркүйекке дейін жалғасады.

