Кинотеатрдан сауда үйіне дейін

Қазір кино көру үшін телефондағы қосымшаны ашып, қалаған фильмді бірнеше секундта таба аламыз. Ал Қызылордада кино өнері енді қалыптасып жатқан кезде үлкен экранның алдында отырып фильм көрудің өзі қала тұрғындары үшін ерекше оқиға болған.
Сол дәуірдің мәдени өмірімен тығыз байланысты нысандардың бірі — Амангелді Иманов атындағы кинотеатр.
Бұл ғимараттың тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарындағы Қызылордамен сабақтас. Ол кезде қала республика астанасы мәртебесінен айырылғанымен, мәдени-рухани өмірі әлі де қарқынды дамып жатқан кезең еді. Театрлар, мәдени орындар мен кино көрсетілімдері тұрғындардың күнделікті өміріне ене бастаған.
Кинотеатр кеңестік кезеңдегі типтік жобалардың бірі ретінде қарастырылады. Нысанның жобасын сәулетші Виктор Петрович Калмыков жасаған. Оның жобасымен Қызылордадан бөлек, Кеңес Одағының басқа да қалаларында (Қарағанды) кинотеатрлар бой көтерген.
Кинотеатрдың ерекшелігі — көрерменге арналған 500 орынның болуы. Кинотеатрға Амангелді Имановтың есімі
берілуі де сол кезеңнің қоғамдық-мәдени ахуалымен байланысты. Амангелді Иманов — 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшілерінің бірі, халық жадында тарихи тұлға ретінде қалған қайраткер. Оның өмірі мен күрес жолы кейін өнер туындыларына да арқау болды. Соның бірі — 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясы түсірген «Амангелді» көркем фильмі. Картина қазақ киносының алғашқы дыбысты туындыларының бірі саналады. Фильмде Амангелді Имановтың рөлін актер Елубай Өмірзақов сомдаған.
Сондықтан кинотеатрдың «Амангелді» атауы сол кезеңдегі тарихи тұлғаға деген құрметті ғана емес, кино өнерінің дамуымен байланысты мәдени контексті де көрсетеді.
Кезінде бұл жерге жүздеген адам кино көруге жиналса, қазір мұнда сауда орындары орналасқан. Бір ғимараттың қызметі өзгергенімен, оның Қызылорда тарихындағы орны сақталып қалды.



