Кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес

Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес. Бұл – білім алып, ізденіп, тыныш ортада уақыт өткізуге мүмкіндік беретін кеңістік. Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің №1 оқу ғимаратында қайта жөндеуден өткен кітапханаға шағын шолу жасап көрдік.

Жаңа кітапхана қандай?
Кітапханаға кірмес бұрын ең алдымен студенттердің заттарын сақтауға арналған арнайы сөрелерді көзіміз шалды. Әр сөренің өз кілті бар. Бұл студенттерге жеке заттарын қауіпсіз қалдырып, кітапханада еркін отыруға мүмкіндік береді. Екі қабатты кітапхана кең, биік әрі жарық. Мұнда жай ғана кітап толған сөрелер емес, студенттер мен оқытушыларға арналған жеке үстелдер, компьютерлер және арнайы жарық шамдары орналасқан. Студенттердің жайлылығы үшін дивандар да қойылған. LED экран мен Wi-Fi желісі де бар. Яғни мұнда кітап оқып қана қоймай, сабаққа дайындалуға, өзіндік жұмыс жасауға және ғылыми ізденіспен айналысуға қажетті жағдай жасалған.

Кітапхана студенттердің көңілінен шықты ма?
Кітапханада студенттердің қарасы көп. Жаңа кеңістік олардың да көңілінен шыққан.
– Бұрын кітапхана дегенде тек кітап сөрелері мен тыныш отыратын орын елестейтін. Ал мұнда бәрі ыңғайлы жасалған. Сабаққа дайындалып, кітап оқуға немесе компьютермен жұмыс істеуге болады. Осындай жайлы жерде оқуға деген қызығушылық та арта түседі. Кітапханаға қайта-қайта келе бергің келеді, – дейді Т-24-1 оқу тобының студенті Алихан Асқар.

Осы жерде кітапханашылардың еңбегін де атап өтпей кетуге болмайды. Мыңдаған кітаптың арасынан оқырман сұраған әдебиетті көп күттірмей тауып береді.
Ал кітап қоры қандай?
Кітапхананың жалпы қоры 1 900 764 басылымды құрайды. Оның ішінде педагогикалық бағыттағы 300 мыңға жуық кітап жаңа кітапханада қолжетімді. Сонымен қатар қорда 11 223 электронды басылым мен 5 743 сирек кездесетін кітап бар. Бүгінде кітапханаға 11 300 оқырман тіркелген.

Мұнда тағы қандай мүмкіндіктер бар?

Кітапхана тек кітап берумен шектелмейді. Мұнда қорды толықтыру, әдебиеттерді жүйелеу және каталогтау, ақпараттық қызмет көрсету, сондай-ақ кітапхана жұмысын цифрландыру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Оқырмандар электронды каталогты пайдалана алады. Бұдан бөлек, университет студенттері мен оқытушылары Scopus, Web of Science, SciVal, IPR SMART, «Эпиграф», РМЭБ және «Параграф» сияқты ғылыми-ақпараттық ресурстарға қол жеткізе алады. Кітапхана қызметі «МегаПРО» жүйесі арқылы автоматтандырылған. Бұл қажетті әдебиетті іздеуді және ақпаратпен жұмыс істеуді жеңілдетеді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа кітапхана – тек кітап сақтайтын орын ғана емес, студенттердің білім алып, ізденіп, уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи кеңістік. Бүгінгі шолу осымен тәмам.



