Шиелі кентінде әлеуметтік санаттағы отбасылар жаңа баспананың кілтін алды

Шиелі кентінің «Шұғыла» мөлтек ауданында әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға арналған 30 пәтерлік 15 тұрғын үй пайдалануға берілді. Кілт табыстау рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Өңір басшысы тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтап, облыста соңғы жылдары тұрғын үй құрылысының қарқынды дамығанын атап өтті. Оның айтуынша, 2022 жылдан бері аймақта 200-ге жуық әлеуметтік нысан іске қосылған.
Бұған дейін де Шиеліде 22 пәтерлік 11 үйдің кілті табысталса, бүгін 450 млн теңгеге салынған 30 пәтерлік 15 жаңа үй халық игілігіне берілді.
Рәсім барысында тұрғын үй құрылысына үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекемелердің қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
2022–2024 жылдары облыс бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер берілді. Ал соңғы үш жылда барлық аудандарда 1800-ге жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Шиелі ауданында 2023–2024 жылдары 3 млрд 96 млн теңгеге салынған 228 пәтерлік 114 үй пайдалануға берілген.


