Жаңақорған кентінде әлеуметтік санаттағы 80 отбасы жаңа пәтерге көшті

Жаңақорған кентінде әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға арналған 80 пәтерлік 40 тұрғын үйдің кілттері салтанатты түрде табысталды. Рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент депутаттары және қоғам өкілдері қатысты.
Өңір басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, облыста тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Жаңақорғанда 174 пәтерлік 87 тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ауданда екі жаңа мектеп ашылып, 200 орындық «Оқушылар үйі», 50 орындық «Өнер мектебі» және бірнеше медициналық нысан ел игілігіне тапсырылған.
Бұдан бөлек, автоматты газ тарату станциясы іске қосылып, қуаты екі есеге арттырылған. Өткен жылы аудан орталығындағы 40 көше жөндеуден өтті. Екпінді ауылында 100 орындық клуб ашылды.
Жаңадан тапсырылған 80 пәтерлік 40 үй 1,5 млрд теңгеге салынған. Рәсім барысында әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосқан азаматтар мен мердігер ұйым өкілдері Алғыс хатпен марапатталды.
2022–2024 жылдары облыс бойынша кезекте тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам жаңа пәтер берілген. Соңғы үш жылда аудан тұрғындарына 1777 пәтер алғаш рет барлық аудандар көлемінде табысталған.



