
Сыр бойында берекелі күздің бастамасы – «Дала күні – 2026» шарасы өтіп, «Қарауылтөбе» ауылдық округіндегі Ы.Жақаев атындағы институттың алқабында күрішке алғашқы орақ түсті.
Дәстүрлі науқанын бастаған өңірде биылғы егіс маусымының өзіндік ерекшеліктері мен маңызды жаңалықтары бар. Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев пен министрлік өкілдері қатысқан жиында елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен су үнемдеу мәселелері басты назарға алынды.

Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына сай, биыл Сыр өңірінде күріш алқабы қысқартылып, 70 мың гектарға егілді. Бұл – климаттық өзгерістер мен су тапшылығы жағдайында табиғи ресурсқа ұқыпты қараудың және егістік алқаптарын әртараптандырудың бірден-бір жолы.

Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мақсатында 2026-2028 жылдарға 34 миллиардтеңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Бұл жүйелі шаралар вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуіне және егіс алқаптарының қажетті сумен толық қамтылуына септігін тигізді.
Күріш селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытуға республикалық бюджеттен 4,2 миллиард теңге бөлініп, материалдық-техникалық база толықтай жаңғыртылды. Нәтижесінде заманауи селекциялық техникалар мен арнайы тұқым зауыттары сатып алынды.
Шара барысында ауыл шаруашылығы техникаларының арнайы көрмесі ұйымдастырылып, диқандар заманауи қондырғылардың мүмкіндіктерімен танысты.

Сондай-ақ, маңдай терін төгіп, ел ырысын еселеген бір топ озат еңбек адамдарына министрліктер мен облыс әкімінің төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.



