Жаңалықтар

Қазақстан қазба отын өндіруден 13-орында

Елде бір жылда 224,2 млн тонна отын өндірілді

Қазақстан қазба отын өндіру көлемі бойынша әлемде 13-орынға жайғасты. Visual Capitalist жариялаған рейтинг Австрия Қаржы министрлігінің деректеріне негізделген.

Мәліметке сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда жалпы 224,2 млн тонна қазба отын өндірілген. Оның негізгі бөлігін көмір құрады – 113 млн тонна. Сонымен қатар 87,8 млн тонна мұнай және 23,4 млн тонна газ өндірілді.

Өндіріс көлемінің құрылымында көмірдің үлесі шамамен 50%, мұнай 39%, газ 10%-ды құрайды. Алайда қаржылық тұрғыдан мұнайдың үлесі басым. Оның сатылымынан түскен табыс шамамен 54,5 млрд долларға жетіп, жалпы кірістің 80%-ға жуығын құраған.

Әлемдік рейтингте Қазақстаннан жоғары тұрған елдердің қатарында Қытай, АҚШ, Ресей, Үндістан және Индонезия бар. Бес ірі өндіруші әлемдегі қазба отын өндірісінің шамамен 63%-ын қамтамасыз етеді.

Осылайша, Қазақстанда қазба отын өндірісінің негізгі көлемін көмір қалыптастырғанымен, елдің кірісіндегі басты үлес мұнайға тиесілі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button