KZO life

Қызылордадағы Бейімбет Майлиннің ізі

Қызылорданың Әйтеке би көшесімен жүріп өткенде, бір кездері қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлин тұрған үйдің орнында мемориалдық тақта барын байқадыңыз ба? Онда жазушының 1925–1929 жылдары осы жерде тұрғаны және еңбек еткені жазылған. Бұдан бөлек, қаланың теміржолдың арғы бетіндегі бөлігінде қаламгердің есімі берілген көше де бар.

фото: KZO Life

Бейімбет Майлиннің Қызылордамен байланысы қаланың Қазақ АКСР-інің астанасы болған кезеңімен тұспа-тұс келеді. Осы жылдары ол баспасөз бен әдебиет саласында белсенді еңбек етіп, қазақ руханиятының дамуына үлес қосты.

Қызылордадағы қызметі мен шығармашылық жолы

Баспасөз майданында: Қызылордада шығып тұрған «Еңбекші қазақ» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан») 1925–1928 жылдары әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы және редакция алқасының мүшесі болып еңбек етті. 1927–1928 жылдары «Ауыл тілі» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарды.

Қызылордада жүріп сауатсыздықты жою науқанына белсене араласып, ересектерге арналған алғашқы оқулықтар мен әліппелерді жазып шығарды.

Қазақ пролетар жазушылары ассоциациясын (ҚазАПП) Қызылордада ұйымдастыруға тікелей қатысты.

Дәл осы Сыр бойындағы кезеңінде ол өзінің классикалық «Шұғаның белгісі» әңгімесін қайта өңдеп, Қызылордада басылған «Қызыл Қазақстан» журналында жариялады. Сондай-ақ «Раушан-коммунист» повесі мен басқа да көптеген туындылары Қызылордада жазылды.

Бейімбет Майлин тұрған бұл тарихи мекен мен оның Қызылорда қаласында атқарған ауқымды қызметі – Сыр өңірі мен ұлттық баспасөзіміздің мақтанышы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button