
Владивосток қаласында өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасында атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.
Құжатқа «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ арасында қол қойылды.
Келісімшартқа қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв қатысты.
Келісімшарттың жасалуы Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасының практикалық жаңа кезеңге өткенін білдіреді.
2026 жылғы 28 мамырдағы үкіметаралық келісімге сәйкес, тараптар қажетті рәсімдерді жүргізіп, жобаны Қазақстан Үкіметімен келісу жұмыстарын бастайды.
АЭС жобасы Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Экономика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, цифрландыру және жасанды интеллект салаларының дамуына байланысты елдегі электр энергиясына деген қажеттілік алдағы уақытта арта түспек.
Атом энергетикасы ұзақ мерзім бойы тұрақты базалық электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба отандық өнеркәсіпті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және жоғары білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Алғашқы АЭС құрылысы барысында қазақстандық кәсіпорындар мен мамандарды, сондай-ақ отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді барынша тартуға басымдық беріледі. Бұл жаңа өндірістер мен технологияларды дамытуға және атом энергетикасы саласында ұлттық құзыреттерді қалыптастыруға серпін береді.
Жобаның іске асуы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтып, елдің өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.



