Жапония дата-орталықтардың жұмысын бақылауды күшейтеді
Дата-орталықтар мен бұлтты сервистерге жаңа талап қойылады

Жапония 2027 жылдан кейін деректерді өңдеу орталықтары (ЦОД) мен бұлтты сақтау қызметтерін тексеру және тіркеу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бастама цифрлық инфрақұрылымның қауіпсіздігін арттырып, ақпаратты қорғауға бағытталған.
Nikkei газетінің мәліметінше, жаңа жүйені Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігі мен Әкімшілік істер және коммуникациялар министрлігі қадағалайды.
Ведомстволар дата-орталықтар мен бұлтты сервистерді құратын компанияларды тексеріп, олардың жұмысының сенімділігін және жабдық жеткізушілерінің қызметін бағалайды. Сондай-ақ нысандарға шетелдік ықпал ету тәуекелдерін азайту көзделген.
Жүйе рұқсат беру тәртібімен жұмыс істейді. Ақпараттың сақталуына қауіп төндіретін жағдайлар немесе заңбұзушылықтар анықталса, мемлекеттік органдар ескерту жасап, дата-орталықтар мен бұлтты сервистердің жұмысын уақытша тоқтата алады.
Тиісті заң жобаларын келесі жылы парламенттің қарауына енгізу жоспарланып отыр.
