Заңсыз көші-қонды ұйымдастырған төрт адам ұсталды
Қазақстаннан 77 шетел азаматы шығарылды

Жамбыл облысында Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтуге ұйымдастырды деген күдікпен төрт адам ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Ұсталғандардың үшеуі – Қазақстан азаматы, біреуі – шетелдік. Олар «Нелегал – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында қолға түскен. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жедел іс-шара кезінде көші-қон заңнамасын бұзудың 293 дерегі анықталды. Оның 53-і шетел азаматтарының заңсыз еңбек етуіне қатысты. Тағы 63 жағдайда шетелдіктердің келгені туралы ішкі істер органдарына уақытылы хабарланбаған немесе олардың елде болу ережелерін сақтауына жағдай жасалмаған.
Шетелдіктерді тиісті рұқсатсыз жұмысқа алған 15 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 77 шетел азаматы Қазақстаннан шығарылды.
Сонымен қатар мемлекетаралық іздеуде жүрген төрт адам ұсталды. Олардың біреуі – Қазақстан азаматы, үшеуі – ТМД елдерінің азаматтары.
Полиция заңсыз көші-қон арналарын анықтау және олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.



