Иордания әуе компаниясы Қазақстанға рейс ашпақ
Екі ел аптасына 14 рейске дейін орындауға келісті

Қазақстан мен Иордания азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойды.
ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Иордания Азаматтық авиацияны реттеу комиссиясы Комиссарлар кеңесінің төрағасы капитан Дейфалла Фараджат кездесті.
Кездесуде екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасын дамыту мәселелері талқыланды. Иордания тарапының мәліметінше, «Royal Jordanian» ұлттық әуе тасымалдаушысы Қазақстанға тұрақты рейстер ашуға мүдделі. Сондай-ақ Иордания азаматтарының Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылығы артып келе жатқаны айтылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар тұрақты әуе рейстерін орындауды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, әр тарап аптасына 14 рейске дейін орындай алады.
Тараптар әуе қатынасын кеңейту және азаматтық авиация саласындағы әріптестікті нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.



