Қызылорда облысында су инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановпен кездесіп, «Қараөзек» және «Арал-Сарыбұлақ» су нысандарына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде салынатын алғашқы 9 су қоймасының қатарына кірген «Қараөзек» су қоймасы бойынша жобалау жұмыстары аяқталып, Ислам даму банкінің «Климаттық орнықты су ресурстарын дамыту» жобасы аясында қаржыландыруға ұсынылды. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жобаны жыл соңына дейін іске асыру жоспарланып отыр.
Кездесуде сонымен қатар «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының жағдайы қаралды. Аталған жүйе арқылы Арал және Қазалы аудандарындағы 160 мыңнан астам тұрғын тұратын 65 елді мекенге ауыз су жеткізіледі. 1986 жылы салынған құбырлардың тозуына байланысты жиі апаттық жағдайлар орын алып келеді. Бұл мәселені шешу үшін құбырдың екінші тармағын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жоба 43,7 млрд теңгені құрайды, оның 23 шақырымы өткен жылы 5,5 млрд теңге қаражат есебінен құрылды.
Министрлік Ислам даму банкі арқылы 7,1 млрд теңгенің алты жобасын қолдап, олар су қоймасын салу және су жеткізу арналарын жаңғыртуға бағытталды.


