
Қызылорда облысында аграрлық саланы жаңғыртуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асты. «Абзал и К» серіктестігі құны 1 миллиард теңгені құрайтын, толық автоматтандырылған күріш өңдеу зауытын пайдалануға берді. Бұл – аймақтағы «ақ алтынның» сапасы мен өндіріс мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық қадам.
Жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты бірден 2,5 есеге артып, сағатына 12 тонна күріш өңдеуге мүмкіндік алды. Ең бастысы, заманауи құрал-жабдықтардың арқасында өнімді қайта өңдеу кезіндегі қалдық көлемі 3-4 пайызға дейін азайды. Кәсіпорын жұмысы толықтай цифрландырылған. Шикізатты қабылдаудан бастап, дайын өнімді қаптауға дейінгі барлық кезеңді автоматтандырылған жүйе бақылайды. Ал өнім сапасы онлайн режимде тексеріліп отырады. Бұдан бөлек, зауыт баламалы энергия көздерін енгізу арқылы экологиялық талаптарға сай жабдықталған – мұнда жеке күн-электр станциясы жұмыс істеп тұр.

Компания Сырдария ауданындағы 3 мың гектарға жуық алқапқа күріш егіп, оны өз кәсіпорнында терең өңдеуден өткізеді. Бүгінде дайын өнімнің тең жартысы ішкі нарыққа таратылса, қалған 50 пайызы ТМД елдеріне, сондай-ақ Моңғолия мен Иракқа экспортталып жатыр.
Жалпы, биыл Қызылорда облысы бойынша 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су ресурстарын үнемдеу мақсатында күріш алқабы 10,9 мың гектарға қысқарып, 70,1 мың гектарды құрады. Қазіргі таңда егістіктерде орақ науқаны қарқын алып келеді: алқаптың 52,8 мың гектары балауыз пісу кезеңінде болса, 65,2 мың гектарының (93%) суы байланды.

Қазақстандағы күріштің 90 пайызын беріп, оның 35-40 пайызын экспортқа шығаратын Сыр өңірі үшін бұл зауыттың іске қосылуы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, отандық брендті әлемдік нарықта нығайта түсері анық.



