KZO life

Кеше тарих жазылған, бүгін сауда жасалған ғимарат

Қызылорданың ескі базары маңынан күн сайын жүздеген адам өтеді. Бірі саудасын жасайды, енді бірі асығыс шаруасымен жүреді. Ал сол маңдағы «Аль-Асад» сауда үйінің қабырғаларына зер салып қарағандар аз. Себебі көпшілік оны көп жылдан бері сауда орны ретінде ғана біледі.

Алайда бұл ғимараттың тарихы бүгінгі қызметінен әлдеқайда тереңде жатыр.
Ғимараттың тарихы сонау 1878 жылдан басталады. Перовск кезеңінде салынған нысан алғашында қыздар приход училищесі ретінде пайдаланылған. Кейін оның қабырғасында Перовск училищесі жұмыс істеді.

Бірақ ғимараттың тарихындағы ең маңызды беттердің бірі Қызылорданың Қазақстанның астанасы болған жылдарымен байланысты.
1925 жылы Ақмешітте Қазақ АКСР-інің астанасы орналасқан кезде, қала елдің саяси және мәдени орталығына айналды. Сол кезеңде осы ғимаратта баспахана жұмыс істеп, қазақ баспасөзінің қалыптасуына өзіндік үлес қосты. Мұнда «Еңбекші қазақ», «Советская степь» секілді сол кезеңдегі маңызды басылымдар жарық көрді. Яғни бүгін саудагерлер мен сатып алушылар кіріп-шығып жүрген ғимараттан бір ғасыр бұрын газет беттері елдің түкпір-түкпіріне жол тартқан.

Бұл қабырғалардың тағы бір ерекшелігі — Мұстафа Шоқайдың есімімен байланысты. Болашақ Алаш қайраткері осы ғимаратта орналасқан Перовск училищесінде білім алған. Бала Мұстафаның білім алған орны кейін талай тарихи кезеңнің куәсі болды.

Нысан кейін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. 1929 жылдан 1973 жылға дейін мұнда облыстық кітапхана орналасқан. Бір кездері газет шығарылған қабырғалар кейін кітап оқыған оқырмандардың мекеніне айналды. Уақыт өте келе ғимараттың қызметі тағы өзгеріп, мұнда өндіріс орындары жұмыс істеді.

Ал бүгінде бұл жерде — «Аль-Асад» сауда үйі. Бір қарағанда, қарапайым сауда орны. Бірақ оның есігінен кірген адам бір ғасырдан астам тарихтың үстімен жүріп бара жатқанын біле бермеуі мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button