KZO life

Қызылордада шорт-трек спорты қаншалықты дамыған?

Жазда ыстығымен танылатын Қызылордада қысқы спорт түрі шорт-трек те қарқынды дамуда. Мұнда он жылдан бері жас спортшылар мұз үстінде шапшаңдық пен төзімділікті шыңдап, ел чемпионаттарында жүлделі орындардан көрініп жүр.

Бүгінде спорттың осы түрімен 60 бала айналысады. Ең кішісі 5 жаста, ал үлкені 14-те. Қалада жас спортшыларды төрт жаттықтырушы жетекшілік етеді. Жаттығуы екі кезеңнен тұрады. Алдымен бір сағат бойы дене дайындығын пысықтаса, кейін бір жарым сағат мұз үстінде конькимен жаттығады.

Жаттықтырушы Әл-мұхит Байғараевтың айтуынша, бұл спорт баланың физикалық тұрғыдан дамуына үлес қосады.

«Шорт-тректе ең бастысы — мінез. Бала мықты болуы керек, қорықпауы қажет. Негізі бала бес жастан бастап бұл спортпен айналысқаны дұрыс. Осы жаста жаттығуға бейімделіп, физикалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік мол», — дейді бапкер.

2025-2026 жыл аралығындағы кіші жастағы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттарынан өңір спортшылары 7 алтын, 5 күміс, 3 қола иеленген. Ендігі мақсат — желтоқсан айында өтетін Қазақстан чемпионатында жақсы нәтиже көрсету.

Қызылорда үшін шорт-трек жай ғана қысқы спорт емес, жас ұрпақтың жігерін шыңдап, үлкен арманға жол ашатын мүмкіндік. Қазан айының соңына дейін шорт-трекке 7 жастан бастап балаларды іріктеу жұмысы жүргізілуде. Бұл — жасөспірімдер үшін спортқа қадам басуға мүмкіндік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button