«Қызылорда – Жезқазған» күрежолының құрылысы аяқталды
Екі өңірді жалғайтын 400 шақырымға жуық жол пайдалануға берілді

«Қызылорда – Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Ұлытау облысындағы соңғы 208 шақырымдық учаскеде көлік қозғалысы ашылды. Осылайша, оңтүстік пен орталық өңірлерді байланыстыратын ұзындығы 400 шақырымға жуық жол пайдалануға берілді.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Өткен жылы Қызылорда облысындағы 192 шақырымдық учаскеде көлік қозғалысы ашылған болатын.
Құрылыс барысында 4 млн текше метрге жуық топырақ жұмыстары жүргізіліп, 1,3 млн тонна асфальтбетон төселді. Сонымен қатар төрт көпір, 78 су өткізу құбыры және мал айдап өтуге арналған 18 өткел салынды. Жұмысқа 1,2 мыңға жуық маман мен 800 техника жұмылдырылды.
Көлік министрі Әсел Жанасованың айтуынша, жоба өңірлер арасындағы қатынасты жақсартып, елдің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Жаңартылған жол жол жүру уақытын қысқартып, жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.



