Сырдариялық тұрғындардың өтініштері қаралды
Ауданда балабақша, мектеп және жол мәселелері көтерілді

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Сырдария ауданына жұмыс сапары аясында тұрғындармен кездесуі және азаматтарды жеке қабылдауы өтті.
Қабылдауда тұрғындар білім беру, денсаулық сақтау, баспана, жол инфрақұрылымы, электр желілерін жаңғырту, ауыл шаруашылығы және жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Аймақ басшысы жауапты мамандарға өтініштерді жан-жақты зерделеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Тереңөзек кентінің тұрғыны аудан орталығына заманауи балабақша қажет екенін айтты. Қазір демеушілік қаражат есебінен әзірленген 80 орындық балабақша жобасына қатысты аудандық білім бөлімі арқылы бюджеттік өтінім ұсынылған.
Ал Қалжан ахун ауылының тұрғыны мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу мәселесін көтерді. Жоба құжаттары әзірленіп, биыл мемлекеттік сараптамадан өткен.
Айдарлы ауылының тұрғыны елді мекенді газдандыру мәселесін қозғады. Аманкелді, Жетікөл және Айдарлы ауылдарын газдандыруға қажетті қаржыландыру республикалық бюджетке ұсынылған.
Сонымен қатар тұрғындар Тереңөзек кенті, А. Тоқмағанбетов, Іңкәрдария және Айдарлы ауылдарындағы жаяу жүргіншілер жолын жөндеу мен теміржол өткелін салу мәселелерін көтерді. Аталған жобалар мемлекеттік сараптамадан өткен.



